КӨК ТАЯҚ Жалғыздық... Осы сөзді естігенде, көз алдарыңызға не елестейді? Біреу жаны жаралы ғашық дер, енді біреу көптің арасында өзін жоғалтқан пендені айтар. Ал менің көз алдыма не елестейтінін білесіздер ме? Көк таяқ. Неге дейсіздер ғой? Айтайын... Қазіргі тұрып жатқан көпқабатты үйге қоныстанғанымызға міне, 13 жыл болыпты. Алғаш көшіп келген күніміз есімде: Абыр-сабыр, ер адамдар ішке жиһаздарды кіргізіп жатты. Әркім өз ісімен әлек. Ал менің көзім беті қатпарланған, ақсары жүзді, бояуы кеткен ағаш таяққа таянып тұрған әжейге түсті. Кейін білдім: ол біздің көрші екен. Есімі - Нина. Мұндағылар "Баба Нина" дейді екен. Белорус. Жасы жетпістер шамасында. Келген-кеткен адамдарға көз тастап, үнсіз ғана бұрышта тұрды... Жанарындағы мұңды көрсеңіздер ғой... Уақыт өте келе бір-бірімізге бауыр басып қалдық. Мектепте оқып жүргенімде, кілтімді үйде тастап кете беретінмін. Мен келгенде үйде ешкім болмайтын. Сондай күндері көрші әжейдікінде отыратынмын. Үйі тым-тырыс, өзінен басқа тірі жан жоқ. "Мен-жалғызбын, Жаратушыдан басқа ешкімім жоқ" деп мұхиттың суындай көк көздеріне жас алатын. Жас кезінде тұрмыс құрыпты, бірақ өкінішке орай Алла оған ана бақытын жазбаған екен. Бірер жылдардан соң, мәңгілік бірге болуға сөз байласқан жарын қара жер қойнына тапсырыпты... Өте өкінішті... Махаббатының күші ме, әйтеуір екінші рет тұрмысқа шығуды ойға да алмаған көрінеді. Мүмкін, сүйгеніне айырылу жанына тым қатты батқан шығар, бұл күйді екінші рет кешуден қорыққан болар, кім біледі?! Баба Нинаға жаным ашитын. Кейде кілтімді де үйде әдейі тастап кететінмін. Ал ол әжей болса, "Внученька" деп еркелетіп, құшақ жайып қарсы алатын... Туған әжелерінің бірінің де махаббатына бөленіп үлгермеген мына мен үшін, көршім "әже" болды... Бір күні әжейдің жұпыны таяғын әкем көк бояу алып, бояп берген болатын. Сондағы әжейдің қуанышты жүзі - әлі есімде... Көк таяқ әжейдің бұл жалғандағы жалғыз тірегі болды десем артық айтпаспын. Балалары мен немерелі қолынан ұстайтын кезде, не тілі, не жаны жоқ сол таяқты ұстап, соның көмегімен ғана жүретін... Бір жиені бар-тын... "Жанашыр" бетпердесін тағып алған... Зейнетақысын өзі алып, нан-сүтінің ақшасын ғана қалдыратын... Әжейдің өз қолымен салған, өз еңбегімен қол жеткізген үйіне көз салғалы қашан... Әжей кезінде біз тұрып жатқан үйдің құрылыс алаңында жұмыс істепті, еңбегінің ақысы ретінде қолына бір бөлмелі үйдің кілтін ұстатқан екен. Содан не керек, уақыт өте берді... Әжей күннен-күнге әлсірей берді, бір уақта төсек тартып қалды. Жиені келіп, күтті. Бір күні анам екеуіміз көрші үйдің есігін қақтық, жиені ашты, бұрқыратып үйді жинап жатыр екен. "Баба Нина қалай?" деп едік, "Она уже давно умерла" дегенде, жүрегім шаншылып ауырып кетті... Бірер күн бұрын мәңгілік сапарға аттаныпты әжеміз... "Жанашыр" жиені жаназасын да шығарған жоқ қой, құрығыр... Білмегеніміздің де басты себебі - сол. Өлімін күтіп жүргендей, бірден үйдегі заттарды сыртқа шығарып жатқан оған зығырданым қайнады.. Бірақ амал не?! Жалғыз мирасқоры сол жиені болған соң, үй де ендігі сол әйелдің уысына түсті. Бір күні сыртқа шыққанда көрген көрініс әлі күнге дейін көз алдымда, түсірілген сурет ұқсап жадымда сақтаулы тұр... Үй сыртындағы қоқыстардың арасында әжейдің көк таяғы тұр... Өлімі жайлы естігенде ұстап қалған жасым сол сәтте бұрқ етіп сыртқа шықты... Егесі жоқ ол көк таяқ та енді жалғыз. "Құрсағынан шыққан балалары болса, ешқашан анасының көзін, анасынан қалған затты бұлай қоқысқа лақтырмас еді, әттең, Алла, ол адамға бір сәби бергеніңізде ғой"- деп, ойға баттым... Ол ой күні бүгінге дейін соңымнан еріп келеді... Мектепте оқып жүргенімде "Мен оқимын, журналист боламын, мені бәрі танитын болады" деп, бірінші орынға мансапты қоятынмын... Ал қазір түсінгенім, ең бастысы - отбасы, біреуге жар болу, бала сүю... Одан асқан қандай бақыт бар?! Сіздің де көк таяғыңыз қоқыста жатпасын десеңіз, отбасын құрып, балалы болуға асығыңыз! Жалғыздық - бір Аллаға ғана тән қасиет! (Ойдан құрастырылған дүние емес) Авторы: Назерке Семей